Нашар көретіндерге арналған нұсқа:
SaraishyQ
Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК

Археологтар “Қызыл үй” мектебінде барлау жұмысын жүргізді

«Сарайшық» музей-қорығының археологтары Махамбет ауданы Ақжайық ауылдық округы аумағында орналасқан «Қызылүй» мектебі орнына барлау жұмысын жүргізді. «Есболдың Қызылүйі» атауымен танымал болған мектеп Атырау облысындағы ең көне оқу орындарының бірі, әрі бірегейі. Мектепті салуға еңбек сіңіргендер, онда қызмет атқарған тұлғалар және білім нәрімен сусындаған шәкірттері ішінде қазақтың айтулы тұлғалары жетерлік. Олардың ел үшін жасаған абыройлы істері өткен күннің парақтарында сайрап жатыр. 1881 жылы екі класты орыс-қазақ мектебі ретінде салынып, заманында Алаш қозғалысының қайраткері Ғұбайдолла Бердиев секілді айтулы азаматтар тәлім алған мектеп халықты сауаттандыруға мол үлес қосқандығымен мәлім.
Археологтардың барлау жұмысы барысында анықтағаны бұрынғы уақытта Атырау-Индер тас жолын салу кезінде ескерткіштің бір шеті бүлінушілікке ұшыраған екен. Тас жол ескерткіштің үстімен, бір жақ шетін кесіп өткен. Оның үстіне, дәл қазіргі кезде «Қазақтелеком» мекемесі ескерткіштің екінші шетімен кабель желісін жүргізіп тағы да бүлдірген. Мектеп құландысы үстінде кейіннен салынған саман кірпішті құрылыс орны да байқалады. Осындай маңызы зор киелі орынды сақтап қалу үшін ыждағаттылық қажет. Қазба жұмысын жүргізіп, бар сақталған қабырғаларды қалпына келтіре отырып, көне мектеп орнын қарайтып қойған дұрыс болар еді. Ардақты азаматтардың табанының табы қалған жерді тарихи ескерткішке айналдыру кейінгі жас буын үшін тағылымы мол іс болар еді. Әрі күре жол бойында, алыс-жақыннан келген қонақтар мен туристер табан тірейтін қасиетті орынға айналары сөзсіз.