Нашар көретіндерге арналған нұсқа:
SaraishyQ
Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК

Экспедиция мүшелері Тастөбеде болды

«Сарайшық» музей-қорығының экспедиция мүшелері 6 қыркүйек күні жергілікті өлке тарихын жетік білетін, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жанизин Есмұқан және Иманғазиев Ғарифолланың бастауымен Қошалақ елді мекенінен солтүстік-шығысқа қарай шамамен 40 шақырым қашықтықта орналасқан Тастөбе немесе Тасоба деп аталатын төбеге барды. Жергілікті азаматтардың айтуы бойынша Исатай Тайманұлы және Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің 1837 жылы 15 қарашада өткен Тастөбе шайқасы Атырау облысы, Құрманғазы ауданы аймағында болған көрінеді-мыс. Белгілі жазушы, журналист Рахмет Иманғалиевтің «Нарын-шежіре» еңбегінде өңірдің байырғы тұрғыны Қибашев Темірболаттың Тастөбе туралы «Әне, терістік шығыста сағымға оранып көрініп тұрған атақты Тасоба – Исатай Тайманұлының орыс әскерлерінен ойсырай жеңіліп, жүзден астам сарбаздары қырылып қалған қансіңді киелі топырақ. Дұрысы – Тастөбе деп аталады. Ол жерге де бір белгі қойса неғылсын.», – деп айтқанын келтіреді. (Иманғалиев Р. Нарын-шежіре. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006. 105 б.) Келесі бір жергілікті жердегі аңыз бойынша, Тастөбе қорым-зиратын жасағанда Исатай-Махамбет бастаған көтерілістің қайғылы күйде аяқталғанын есте қалдыру үшін тастарды әдейі қашап, тескен екен. Оларды қатты жел үрлегенде қайғылы, мұңды зар-ырғақ естіліп тұрады деседі. «Нарын-шежіре» еңбегінде мынадайда мәліметтер кездеседі. “Калинин” атындағы совхоздың директоры Қуаныш Ізімғалиев машинадан түсе сала Тастөбенің шығыс іргесін шарлап, жаяу біраз жүріп алды. – Ертеректе бір келгенімде, сол жерде тотығып қалған орыс мылтығының үлкенді-кішілі бөлшектері жататын. Соны іздегем – таба алмадым. Тастөбені құм қатты басып алған екен, – деді ол өкінішті үнмен. Әйтсе де, бір жер басылған, екінші тұсы ашылған. Аяқ астында ақсиып адам сүйектері жатыр. Қасымыздағы делбе ұстаған қосшысы Шоқан Уахитов бір шағын зеңбіректің (сол кезде түйеге артып жүріп қолданған «отмылтықтың» бірі шығар деп жобаладық) оқшантайын (гильзасын) тауып алды. Тап-таза шойыннан құйылған әлгі пәлекет уақыт озбырлығына ойсырап тозбаған қалпында жатыр екен».
Жолбасшымыз Жанизин Есмұқан көне көз қарттардың Тастөбені Исатай батырдың патша әскерімен шайқасы өткен «Екінші Тастөбесі» деп атайтынын да тілге тиек етті.
Атақты Тастөбе шайқасы өткен жерді анықтау, мұрағат қорлары арқылы дәлелдеу үшін әлі де біраз жұмыстар жүргізілу қажет екені көрініп тұр.