Сарайшық – тарихи мұраның алтын қазығы» атты дөңгелек үстел өтті

2025 жылдың 23 қазан күні «Сарайшық» сапар орталығында музей-қорықтың ұйымдастыруымен Сарайшық мұрасын зерттеуге үлкен үлес қосқан өлкетанушылар Молдаш Бердімұратов пен Өтепберген Әлімгерейге арналған «Сарайшық – тарихи мұраның алтын қазығы» атты дөңгелек үстел өтті. Шараның алғы сөзін музей ардагері, өлкетанушы Жанұзақ Ғизатов ашып, Сарайшықтың тарихи маңызына тоқталды. Қарымды қаламгер, жазушы Өтепберген Әлімгерей туралы Қазақстанның құрметті журналисті, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, Құрмет орденінің иегері Төлеген Жаңабайұлы баяндама жасады. Ал «Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығының құрылуы мен дамуына зор еңбек сіңірген Молдаш Бердімұратов туралы шәкірті, ақын Тарас Наурызәлі өз ойымен бөлісті. Өтепберген Әлімгерейдің ғылыми еңбектері мен Қазақстан ғылымына қосқан үлесін техника ғылымдарының докторы, профессор Есенғали Ғилажұлы Ғилажев атап өтті. Өлкетанушылар мен олардың мұрасы туралы ауыл ардагері Нығмет Құрмашұлы мен музей-қорықтың бас инспекторы Айбек Тұрарұлы да өз пікірлерін білдірді. Шара екі өлкетанушының музей-қорықтың дамуына және Сарайшықтың тарихын кеңінен таратуға қосқан айрықша үлестерін атап өту мақсатында ұйымдастырылды.




