Бүгін, 2025 жылдың 11 сәуір күні “Сарайшық” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен “Сарайшық оқулары-2025” республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияға ғалымдар, мұғалімдер, музей қызметкерлері, магистранттар мен докторанттар қатысты.
Пленаралық отырыста музей-қорықтың директоры, т.ғ.д., профессор Ә.Мұқтар алғы сөз сөйлеп, конференция қонақтарын таныстырды. Конференцияда С.Баишев атындағы Ақтөбе университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Асан Жұманазар “Едіге батыр ұрпақтары: Әзберген батыр” жөнінде, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қасенов Марат Сейітжанұлы “Қорғанша қаласындағы 2024 жылғы зерттеулер”, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Зооархеологиялық зертхана меңгерушісі Шагирбаев Мамбет “Ортағасырлық Сарайшық, Ащысай және Қарағайлы ескерткіштерінің остеологиялық материалдарын археозоологиялық зерттеу нәтижелері”, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Физикалық антропология зертханасының меңгерушісі Жанұзақ Рамазан “2023 ж. қазба жұмыстарының барысында Сарайшық қаласынан табылған антропологиялық материалдардың сипаттамасы”, “Отырар” мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК ғылыми қызметкері, магистр Абдуахитов Ерқожа “Сарайшықтың отандық туризмді дамытудағы рөлі”, Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысының орынбасары, өлкетанушы Байдәулетов Фархад “Атырау өңірі аумағындағы ру таңбалары”, “Ұлытау” ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының аға ғылыми қызметкері Бақытұлы Мұхтар “Ұлытауда тамырын жайған Жошы ұрпақтары”, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі, Археология ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі, магистр Базарбаев Ғаламат “2024 жылы Нарын құмына жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары”, №41 Әбіш Кекілбайұлы атындағы мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Гашихова Лариса Тарихқызы “Рух, дәм, таңба: туристік бренд құраушы үш таған” тақырыбында баяндама жасады.
Пленаралық отырыстан кейін конференцияның секциялық отырысы өтті. Отырыс соңында пікірталас ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алды. Конференция аяғында қатысушылар мен баяндамашыларға сертификат табысталды.
![]() |
![]() |