Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
"Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" РМҚК
Виртуалды тур

2020 жылы 7 тамызында Сарайшық-Сарай Бату қалалары арасындағы керуен жолдарын зерттеу экспедициясы Құсқонбас төбесін зерттеп, "Исатай татыры" атты шағылда болды

Экспедиция Нарын құмын Айбас елді мекені үстімен өтіп, жергілікті азамат Сабиров Таңатардың үйіне табан тіреді. Сабиров Таңатар бастап апарған Айбас елді мекенінен батыста орналасқан Құсқонбас (Қаратөбе) деп аталған төбе зерттелді. Таңатардың айтуынша, бұл туралы аңызда Исатай батыр Безбородконың Оралға сатуға айдап бара жатқан 300 бас жылқысын айдап әкеліп, Құсқонбас төбесінде халыққа таратып, көмек еткен дейді. Исатай-Махамбет көтерілісін зерттеуші Исатай Кенжалиев «Махамбет» атты еңбегінде Исатай мен Махамбет көтерілісшілерді бірнеше бөлікке бөлгені, бұлардың негізгі күштері Тауасар бейіті, «Құсқонбас», «Теректі», «Жаманқұм» т.б. жерлерде болғанын келтіреді.

Экспедиция «Құсқонбас» төбесінен кейін, Айбас елді мекенінен батысқа қарай 25 км қашықтықта орналасқан «Исатай татыры» аталатын шағылға тоқтады. Жергілікті аңыз бойынша батыр Исатай Тайманұлы 1836-1838 жылдардағы халық-азаттық көтеріліс барысында осы жерге ұсталарды жинап, қару-жарақ соқтырған. Өлкетанушы Мүтиғолла Насиханов «Құм Нарын қойнына бүккен сырлар» атты мақаласында «1836-1838 жылдары Исатай Тайманұлы бастап патша үкіметі мен жергілікті билікке қарсы Кіші жүзде болып өткен көтеріліс тарихын зерттеуші Исатай Кенжалиевтің «Исатай Тайманұлы» кітабын парақтап отырғанымда ондағы: «... бір топ көтерілісшілер «Исатайдың көк татыры» деген жерден оқ-дәрі дайындайды. Ал ұсталар найза, сүңгі, айбалта, қылыш, мылтық т.б қару-жарақ соғады...» деген жолдар еріксіз елең еткізді. 1999 жылы құм Нарынды аралау сапарымызда сол өлкенің өткені мен бүгінгісін жадында жақсы түйген Беркәлі Атолов ағамыз «Айбастың маңында Исатай татыры» деген жер бар, көнекөз қариялардың айтуынша, онда Исатай батыр жер-жерден ұсталарды жинап, қару-жарақ соқтырған көрінеді. Күні кешеге дейін ауылдың жігіттері сол татырдан сынған қылыш пен садақ оқтарының ұшын тауып алып жүрді. Бірақ, өкінішке орай, оны сақтайтын, қадір-қасиетін білетін адам болмағандықтан жоғалып кетті ғой деймін» деген сөзі ойымызға орала кетті»,- деп мәлімет келтіреді. Ені 10-15 м, ұзынынан 30 м болатын тегістіктің бетін темір тотығы мен күкірт араласқан көкшіл құм басып жатыр. Жол бастаушы Таңатар Сабиров: «Қатты тепсеңіз татырдан жаңғырыққан бір дыбыстар шығады, мініп жүрген аттарымыз бұл жерді баспайды, тек қана қамшылап, зорлықпен үстіне әрең шығарған кездеріміз болған» деп қызықты мәлімет келтірді. Сынама ретінде темір тотығы, күкіртті бөлшектер жиналып алынды.

Жұмыс кестесі

Дүйсенбі/Жексенбі: 09:00-18:30

Түскі үзіліссіз/демалыссыз

Кері байланыс

Тел/факс: +7 702 059 7858

E-mail: museumsaraishik@mail.ru