Ortaǵasyrlyq Saraıshyq – QazaQ Eliniń astanasy
«Saraıshyq» memlekettik tarıhı – mádenı mýzeı – qoryģy»

2020 жыл 8 тамызда Сарайшық - Сарай Бату қалалары арасындағы керуен жолдарын зерттеу экспедициясы Айбас елді-мекеніне ұйымдастырылды

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының ғылыми-зерттеу экспедициясы Сарайшық - Сарай-Бату қалалары арасындағы керуен жолдарын зерттеу мақсатындағы жұмыстардың жалғасы ретінде, 7-8 тамыз аралығында Нарын құмының бір бөлігі Айбас елді мекеніне археологиялық барлау экспедициясын ұйымдастырды. Айбас өңірі солтүстік-батысында Батыс Қазақстан облысының аумағымен шектеседі. Айбас - Беріш-Жайық Сатыбалдының үлкен баласы болған делінеді. Экспедиция маршруты: Атырау-Сарайшық -Тұшықұдық- Айбас елді мекені - Тұшықұдық – Сарайшық – Атырау бағыты бойынша жүрді. Экспедиция құрамына тарихшы-археологтар, жергілікті өлкетанушы Шеген Неталиев енгізілді.

Экспедиция тоқтаған алғашқы нысан, Тұшықұдық селосынан солтүстікке қарай 40 шақырым шамасындағы Төретүскен деген жерде Таз Жастабан, Байсары Қойгелді Қожамбетұлы (1720-1790) жерленген зират болды. Жергілікті Дауылбай есімді азаматтың айтуынша Қойгелді Қожамбетұлы Таз руының көшін Жайықтың арғы бетінен Нарын құмына бастап келген, Жәңгірдің беделді биі болған деседі.
Қойгелді Қожамбетұлы таздың атақты ақыны Қашқынбай Қойгелдіұлының (кей деректерде Қожамбетұлы) әкесі болуы әбден мүмкін. Деректерде Қашқынбай Қойгелдіұлын 1830 жылы Нарын құмы, Майтөбе мекенінде дүниеге келіп, 1870 жылы Хорезм өңірінде қайтыс болған деп көрсеткен.
Қойгелді Қожамбетұлымен туыстығын, яғни Таз Жастабан, Байсары бөлімінен екенін Қашқынбай ақынның «Әуелі сөз сөйлейін жүрген жайдан» өлеңіндегі мына төмендегі жолдар нақтылай түседі.

«Ішінде Қаратаздың Жастабанбыз,
Бір жүріс елден шығып бастағанбыз.
Қу таяқ көлденеңдеп қолға алып,
Әр үйдің есігінде қақсағанбыз.
Ішінде Жастабанның Байсарымыз,
Бұл жерді мекен етсек, жай салармыз.
Қыдырып ел жақсысын танығандай,
Келіп жүр осы күні қай сәніміз?
Қожамбет арғы атам Айдабол-ды,
Дәулетті ата-бабам айдап еді.
Сапарым осы кеткен келіспей жүр,
Талабым бұрынғы өткен қайда болды?»

Ғаламтор желісіндегі tumalas.kz сайтында «Жастабан-Байсары-Елдезер-Намазғұл-Айдабол, Қожамбет, Қозыбай; -Айдаболдан -Қойгелді; Қойгелдіден - Көшкінбай, Қашқынбай, Нарынбай, Бітік» шежірені осылай таратады. «Исатай ауданы: Шежіре» кітабында Қойгелдіұлы Қашқынбай деп келтірілген (Құраст. Сайпеден Сидеғалиев. - Алматы: «Сардар», 2018. - 27 б.). Қашқынбай ақынның 1830 жылы дүниеге келгенін ескерсек, әкесі Қожамбетұлы Қойгелді бидің Таз руының Жастабан Байсары бөлімінің көшін Нарын құмына бастап келгені айдан анық. Сонымен қатар, зиратта қойылған тақтада Қойгелді 1720-1790 жылдар аралығында өмір сүрді деген дерек хронологиялық тұрғыдан сәйкес келмейді. Біздіңше, 1720-1790 жылдар аралығы Қойгелдінің әкесі Қожамбеттің өмір сүрген жылдары болуы мүмкін. Себебі, Айтуар Өтегеновтың «Қаһарман қыз – Қаламқасқа» мақаласында «Қаламқас Маңғыстауға алғаш қоныс аударған адай, беріш, таз, т.б. рубасылары – Атағозы, Шотан, Шақан, Қожамбет, Есболай, Ақпандармен бірге келген ұрпақтың өкілі» деп айтылған. Атағозы, Шотан, Есболайлардың 18 ғасырда өмір сүргенін ескерсек, Қойгелдінің әкесі таз руының басшысы Қожамбеттің өмір сүрген кезеңі ескерткіш тақтадағы жылдар аралығына шамамен тұспа-тұс келеді.

«Сарайшық » музей-қорығының экспедициясы Нарын құмына ішкелей еніп, Тұщықұдық ауылынан солтүстікке қарай 100 шақырым жердегі «Нарынның Наркескені» атанған семсер тілді ақын Нұралы Әжіғалиевтің (1939-2004 жж.) кіндік қаны тамған – Үшқызыл өңіріне бас тіреді. Ақын дүниеге келген жерге арнайы ескерткіш тақта орнатылған.

Jūmys kestesі

Düisenbі/Jeksenbі: 09:00-18:30

Tüskі üzіlіs uaqyty: 12:30-14:00

Kerі bailanys

Tel/faks: 8-712 362 55 06

E-maıl: museumsaraıshık@maıl.ru

Sayahat kartasy