Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
"Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" РМҚК
Виртуалды тур

Сарайшық археологтары экспедицияда

Қазан айының басында «Сарайшық» музей-қорығының археологтары А.Тұрарұлы, А.Жұмабаев, М.Қасенов, Н.Жексенбаев Сарайшық пен Үргеніш қаласы арасындағы ортағасырлық керуен жолдары бойын зерттеу мақсатында Ұшқан қаласы орнында барлау жұмысын жүргізді.  Ортағасырлық Ұшқан қаласы қазіргі Құлсары қаласынан оңтүстік-шығысқа 55 км қашықтықта. Бұл жерде қазір ірі қорым орналасқан. Бұған дейін археологтар қорымның солтүстік-шығысында ортағасырлық қоныстың орны бар деп дәйектеп келді. Оған негізінен осы маңдағы ортағасырлық қыш кірпіштерден тұрғызылған бейіт құландыларының болуын алға тартады. Археолог Л.Л.Галкин ортағасырлық ағайынды Пициганилер картасында белгіленген Трестаго қаласы мен осы Ұшқан қаласын бір қала деп есептейді. Әйтседе ескерткішке арнайы қазба, археологиялық зерттеу әлі күнге жүргізілген емес. Ешқандай музей экспозициясында ортағасырлық қала артефактілері орналаспаған.Музей-қорық археологтары қорым айналасын мұқият шолып шығып, бірнеше жерден бақылау шурфтарын салды. Нәтижесінде қала мәдени қабаты 1-0,5 м қалыңдықтан тұратыны анық деп шешім шығарды.Ескерткіштің беткі қабатынан жиналған керамика үлгілері қызыл, сұр балшықты және кашин қышынан жасалғанын көрсетті, түрлі түсті сырлы ыдыс сынықтары арасында қытай селадонының бөліктері кездесті. Бұл қаланың трансконтиненталды керуен жолы бойындағы ірі сауда нүктесі болғанын көрсетеді.Жиырманың үстінде табылған тиындар арасында күміс дирхемде бар. Нумизмат П.Петров күміс дирхемнің аналогын әзірге кездестірмегенін, сонысымен қызықты боп отырғанын мәлімдеді. Мыс пұлдар арасында Өзбек ханның Хорезмде соғылған теңгесі, Жәнібек ханның Сарай әл-Жәдидте соғылған теңгелері табылды.Осы материалдарға қарағанда, қаланың өмір сүрген уақыты алтынордалық кезең деп болжауға болады.Қала аумағы қорымнан шығысқа қарай 300 м-ге дейін созылып жатқанын қыш кірпішті ғимараттар құландылары көрсетеді. Жалпы қала аумағы 300х500 м, цитадел қаланың солтүстік-батысында, көлемі 150х150 м деп есептелді.
Жұмыс кестесі

Дүйсенбі/Жексенбі: 09:00-18:30

Түскі үзіліссіз/демалыссыз

Кері байланыс

Тел/факс: +7 702 059 7858

E-mail: museumsaraishik@mail.ru