Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
"Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" РМҚК

«Сарайшық» музей-қорығы ғалымдары Саратов облысындағы Үкек қаласының орнында

Үкек қаласы – Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі саяси, экономикалық және әлеуметтік маңызға ие тарихи қалалардың бірі. Тарихи деректерге сәйкес, ол Алтын Орда хандарының астаналарының бірі саналады. Өз заманында Өзбек хан Үкек қаласында тұрақтап, өзінің ықпалын күшейтіп, ұлы даланы мойындату мақсатында осы өңірден Моқша қаласына көшкені белгілі. Тарихшылардың деректеріне сүйенсек, шамамен 1321 жылға дейін Өзбек хан дәл осы қалада билігін жүргізіп, өзінің тиындарын соққан. Бүгінгі күні Үкек қаласының орнында Саратов қаласы орналасқандықтан, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу айтарлықтай қиындық туғызуда. «Сарайшық» музей-қорығының экспедициясы кезінде ғалымдар бұл жағдайға көз жеткізді. Қазіргі таңда Татарстан Республикасының Археология институтының және Саратов музейінің ғалымдары бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Қазбалар тұрғын үйлер иелерінің келісімімен бос жерлерде орындалып жатыр. Археологтардың айтуынша, қазба жұмыстары нәтижесінде табылған нысандар зерттеліп, ғылыми қорытынды жасалған соң, жер иелеріне қайтарылатын болады. Кейін тұрғындар өз үйлерін қалағандай тұрғыза алады. Зерттеулер барысында Алтын Орда дәуіріне жататын ірі тұрғынжайлардың қалдықтары, керамикалық пештер, мұсылман мазарлары, күйдірілген және шикі кірпіштен салынған үйлердің орындары, сондай-ақ кейбір ағаш қабырғалардың іздері анықталды. Ғалымдардың пікірінше, Үкек қаласы алып өзеннің жағасында орналасқандықтан, ол кезеңінде маңызды өткелдердің бірі болған. Тарихи деректерге сәйкес, Ақсақ Темір Тоқтамыс ханды қуып жүрген кезінде қала қираған. «Сарайшық» музей-қорығының қызметкерлері өздерінің ғылыми еңбектерін Татарстан және Саратов ғалымдарына тарту етті.

Жұмыс кестесі

Дүйсенбі/Жексенбі: 09:00-18:30

Түскі үзіліссіз/демалыссыз

Кері байланыс

Тел/факс: +7 702 059 7858

E-mail: museumsaraishik@mail.ru