Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
"Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" РМҚК
Виртуалды тур

Үшінші Ұлттық құрылтайдың отырысы

Атырау қаласында үшінші Ұлттық құрылтайдың отырысына төрағалық еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: Алғашқы отырыс Ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық Ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі.
Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар, – деп атап өтті. Сарайшықты танымал етуді мақсат еткен біздің музей-қорық ұжымы бұл сөздерді зор қанағаттанушылық сезімімен қабыл алды. Күнделікті атқаратын қызметімізге жақсы серпін береді деп санаймыз.
Президенттің «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды» екенін айтуы қазіргі кезде өте қажет месседж. Әлеуметтік желілерде арзан хайпты желеулетіп, елдің арасына теріс пиғыл тудыратын, ұлтты ұйыстырмайтын ақпараттарды тарататындарға тоқтау болу керек. Бұл мәселеде зиялы қауымға ғана жүк артып қоймай әрқайсымыз «ұсақ-түйек әңгімені қойып, қазақты бөліп-жаруға» әуес болмағанымыз жөн. Президент айтқандай «Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек».
Президент атап өткен еліміздегі археологиялық ескерткіштердің тоналу мәселесі де біз үшін өзекті мәселе. Жаңадан анықталған ескерткіштердің көбінде бізге дейін «қарақшы-археологтардың» іздері сайрап жатқанын көріп жүрміз. Осы заңсыз істерге жазаны күшейту ғана тоқтау салады деп үміттенеміз. Ескерткіштерді реставрациялау, вандализм туралы айтылған сөздерді де ел болып қолдауымыз керек.
Атырау жұртшылығы облыстың экологиялық ахуалы жоғарғы билікке жеткенін көре отырып, Атырау облысының дамуына ерекше мән берілетініне зор үміт артып отыр.
Жұмыс кестесі

Дүйсенбі/Жексенбі: 09:00-18:30

Түскі үзіліссіз/демалыссыз

Кері байланыс

Тел/факс: +7 702 059 7858

E-mail: museumsaraishik@mail.ru