12 мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Мәдениет және спорт министрі Д.Ә.Абаевтың қатысуымен «Қолданыстағы заңнама контекстіндегі археологияның өзекті мәселелері» тақырыбында конференция ұйымдастырылды. Конференцияға еліміздегі белді археологтар, облыстардағы тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, сақтаумен айналысатын мекемелер, музей-қорықтар басшылары қатысты. Маңызды мәселелер көтерілген жиында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, т.ғ.д. Ә.Мұқтар сөз сөйлеп, археологиялық зерттеулердің жүйелілігін қалыптастыру, яғни қазба-консервация-музейлендіру бағыты бойынша жұмыстар жүргізуді, шетел архивтеріндегі елімізге қатысты дереккөздерді алдыру жөнінде, тарихи тұлғаларды зерттеу ісінде радиокөміртегі әдісімен уақытын анықтау, генетикалық зерттеулермен тегін анықтау зертханаларын елімізде құру қажеттілігі туралы өзекті мәселелерді айтып өтті. Сондай-ақ, мәдени құнды заттар табылған жағдайда тапқан тұлғаның оны мемлекетке өткізіп алу мәселесін де көтерді. Конференцияны қорытындылаған министр Д.Абаев археологтарға алдағы жаңа маусымда жаңа мол олжалар ашуды тіледі.