«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар Қапизұлы:
Жолдау жаңа міндеттер жүктеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлемдегі соңғы жылдардағы түбегейлі өзгерістерді саралап, еліміздің дамуындағы бетбұрысты мәселелерді шешудің жолдарын ұсынды. Президент бұрынғыдай ұзақ мерзімді жоспарды емес, шынайы қысқа мерзімде жүзеге асатын, нақты нәтиже беретін мақсаттарды күн тәртібіне шығарды. Бұрынғы жылдары қабылданған жоспарлардардағы кемшіліктерге ел куә. Мұндай жағдайда Қазақстан не істеуі керек? Еліміздің дамуында қандай бағыттарды ұстануымыз қажет? Өткенді зерделеп, болашаққа көз тіккен Президент жолдауында білім, ғылым, инновация, жаңа буын мамандар даярлауға айырықша маңыз берді. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін, экономикасын, халқымыздың әл ауқатын, ұлттық бірлігімізді бекемдейтін, әлем алдындағы орнымызды айшықтайтын көрсеткіштер осылар. Ғылым мен озық технология, инновацияны қолдау, білім жетілдіру, шетелдің тәжірибесін пайдалану бағытында тың серпіліс қажет. Біздіңше олар экономикамызға жаңа серпін беретін, жаңа адами капиталды дамытатын негізгі тетіктер. Шикізат өндіретін елден оны өңдеуші елге айналдыру заман талабы. Алдымен соңғы өткен 30 жылымыздан сабақ алып, оның кемшіліктерін қайталамау басты міндет. Мың құбылып, қарқынды өзгеріп жатқан әлемнен қазақтың да лайықты алар орны бар. Оған байлығымыз да, мүмкіндігіміз де жетеді. Міне осы арада Президент: «Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы» деп қалың көпшілікті ойлануға шақырады. Сайып келгенде, елдің ертеңі де «Толық адамға» байланысты. «Толық адамның» ұлттық құндылықтармен сусындауы да маңызды. Ұлттық салт-дәстүрден, тәрбиеден нәр алған ұрпақ қана ұлт үшін қызмет етеді. Бұл арада Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деуінің астында да үлкен ой жатыр. Сондықтан да қазіргі заманда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Қорыта келгенде, ел Президенті бәрімізге жаңа міндеттер жүктеді, алдымызға айқын мақсат қойды. Жолдаудың жүзеге асуы еліміздің дамуының кепілі болмақ.