«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны
«Сарайшық» музей- қорығы өз жұмысын қоғамдық негізде 1963 жылдан бастайды. 1971 жылы ол облыстық өлкетану музейінің филиалы ретінде «Сарайшық тарихи-өлкетану селолық музейі» атауымен тіркелген. Музей бастапқы кезеңде ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы ғимаратында орналасады. 1999 жылы 23 сәуірде Атырау облысы әкімі И.Тасмағамбетовтың №79 шешімімен «Сарайшық» музей-қорығын құру қаулысы қабылданады. 1999 жылы 2 мамырда «Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығының іргетасы қаланып, 3 қыркүйекте ашылады. 2018 жылғы 4 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 162 қаулысымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта құрылды.
Кәсіпорынның қызметінің мәні мәдениет саласындағы қызметті жүзеге асыру болып табылады. Қызметінің мақсаты – мәдениет саласындағы ғылыми-зерттеу, мәдени-білім беру және танымдық-туристік қызметті, оның ішінде тарихи-мәдени мұраны сақтауды, оны танымал етуді жүзеге асыру. Қойылған мақсатты іске асыру үшін Кәсіпорын төмендегідей қызмет түрлерін жүзеге асырады:
- тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласында ғылыми-зерттеу, ғылыми-әдіснамалық, мәдени-білім беру қызметін жүзеге асыру;
- музей ісі саласында халықаралық пен ведомствоаралық ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты жүзеге асыру;
- ескерткіштердің, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтары мен қорғалатын табиғи ландшафт аймақтардың және музей заттарының қорғалуын қамтамасыз ету;
- ғылыми-қор жұмысын жүзеге асыру, ғылыми тұжырымдамаларды, музей қызметінің негізгі бағыттарын әзірлеу;
- тарих және мәдениет мәселелері жөніндегі ғылыми және ғылыми тәжірибелік конференцияларды, семинарларды ұйымдастыру мен өткізу;
- музей экспозициялары мен көрмелердің тақырыптық-экспозициялық жоспарларын әзірлеу, жобалау және құру;
- кәсіпорын қызметінің бейіні бойынша оқу құралдарын басып шығару, музей қорларын толықтыру үшін фото және бейне түсірілімдер жүргізу т.б.