Ortaǵasyrlyq Saraıshyq – QazaQ Eliniń astanasy
«Saraıshyq» memlekettik tarıhı – mádenı mýzeı – qoryģy»

Dóńgelek ústel


2020 жыл 28 ақпан

«Сарайшық – Ұлы Дала мұраты: мемлекеттілік және тарихи сабақтастық» атты дөңгелек үстел

2020 жылы 28 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Алтын Орданың 750, Қасым ханның туғанына 575 жыл, Қазақ хандығының 555 жылдығына орай «Сарайшық – Ұлы Дала мұраты: мемлекеттілік және тарихи сабақтастық» атты дөңгелек үстел өткізілді.  Жиынға ҚР Парламенті депутаттары, Мәдениет және спорт министрлігі өкілдері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, отандық тарихшы-ғалымдармен қатар АҚШ, Ресей елдерінен ғалым-зерттеушілер, БАҚ өкілдері қатысты. Олардың қатарында Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова, мемлекет және қоғам қайраткері Ирак Елекеев, белгілі ғалымдар Хангелді Әбжанов, Зайнола Самашев, Бүркітбай Аяған, Нұрлан Атығаев, Юлай Шамилоғлы, Вячеслав Плахов және т.б. бар. Іс-шараның мақсаты - Алтын Орданың 750, Қазақ хандығының 555 жылдығына және Қасым ханның туғанына 575 жыл толуына орай Жошы Ұлысының рухани астанасы, Ноғай ордасы мен Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық қаласының әлемдік тарихтағы орнын айқындау, ол арқылы ортағасырлық Сарайшық қаласын қалпына келтіру, туристік аймаққа айналдыру.

Дөңгелек үстелде Алтын Орданың рухани астанасы Сарайшықтың тарихи маңызы, археологиялық зерттеу нәтижелері, табылған нысандарды қайта қалпына келтіру мәселелері, архивтік деректер бойынша зерттеулер қорытындысы баяндалды, Сарайшыққа ордасын тіккен Қасым ханның тарихи орны сараланды.


2020 жыл 5 наурыз

 «Ұлы Дала ханымдары және ұрпақтар сабақтастығы» атты дөңгелек үстел

2020 жылғы 5 наурызда «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен Махамбет ауданы әкімдігі бірлесе, 8 наурыз - Әйелдердің Халықаралық күнін мерекелеу аясында «Ұлы Дала ханымдары және ұрпақтар сабақтастығы» атты дөңгелек үстел өткізді. Шара Махамбет кентінде аудандық кітапхана ғимаратында мәдениет саласы қызметкерлерінің қатысуымен өткізілді. Жиын модераторы - Махамбет ауданы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Гүлфайрус Төлегенқызы Төлегенова.

Дөңгелек үстелді Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Мардан Жұмахметұлы Сейтқалиев ашып, қатысушыларды мерекемен құттықтап, әйелдердің қоғамда атқарып отырған зор үлесіне тоқталып өтті.

«Сарайшық» музей-қорығы директорының орынбасары Айбек Тұрарұлы аудан әкімдігі мен музей-қорық арасындағы іскерлік байланыстарға тоқталып, тарихымыздағы аттары аңызға айналған әйелдердің өнеге тұтар істерін, қазақ қоғамындағы әйелдердің орнының ерекшелігін айтты.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Ұлжан Ахметованың «Қазақ тарихындағы Бопай ана» баяндамасы Әбілқайыр ханның жұбайы Бопай ханымның тұлғасын жоғары бағалауға арналған. Бопай ананың образын жас ұрпаққа насихаттау қажет екеніне назар аудартты.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ректор аппаратының жетекшісі Гүлфайруз Қайырғалиева «Фатима тоташ» баяндамасында Жәңгір ханның жары Фатима ханша туралы мәліметтер келтіріп, ханшаның озық білімді болғанына баса көңіл бөлді.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы Нағима Сармурзина «Арынғазы ханның бәйбішесі Жақсы ханым» баяндамасында қазақ елін Ресей отарынан босатуды мақсат еткен Арынғазы ханның күрес жолынде бәйбішесі Жақсы ханымның ролі туралы айтты. Жақсы ханымның өмір жолын, тұлғасын насихаттай отыра, оны бүгінгі өмірмен сабақтастыра жас буынға үлгі етті.

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ғылыми қор бөлімінің меңгерушісі Орындық Сағынбаева «Сүйімбике атым, тегім ноғай...» баяндамасында Сарайшықта билік құрған Жүсіп бидің қызы Сүйімбике жайында қызықты деректер келтірді.

Махамбет ауданы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Гүлфайрус Төлегенова «Қазіргі қоғамдағы әйел ролі» баяндамасында комиссия жұмысымен таныстыра отырып, қоғамдағы нәзік жандылардың белсенділігін атап өтті.

Жиында аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Жібек Шамалиқызы Мұғауова, Ұлы Дала ханымдары өнегесінің замандас қыз-келіншектермен сабақтастығын насихаттауға баса назар аударды.

Шара соңында Махамбет аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Нұрғали Аруев құттықтау сөз арнап, аудан өнерпаздары Перизат Жазылбекқызы, Қайрат Жұмашев, Өмірбек Нәжімеденов, Айгүл Нұрмұханова қөрермендерді әсем ән мен күмбір күйге бөледі.


2020 жыл 22 мамыр

«Ұлы Дала мұралары: тарихы және бүгінгі мәселелері» атты дөңгелек үстел

2020 жылы 22 мамырда "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау мәселелерін талқылау мақсатымен «Ұлы Дала мұралары: тарихы және бүгінгі мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді Іс-шара онлайн форматта, «Zoom» қолданбасы арқылы ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге еліміздегі ескерткіштанушы мамандар, тарихшылар, археологтар, өлке тарихын зерттеуге қызығушылық танытқан ғаламтор желісін қолданушылар қатысты. Дөңгелек үстел ашылуында «Сарайшық» музей-қорығының директоры т.ғ.д., профессор Әбілсейіт Мұқтар алғысөз сөйледі. Дөңгелек үстелдің модераторы директор орынбасары, археолог Айбек Тұрарұлы болды.
Нұр-Сұлтан қаласынан қатысушы ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, Phd докторы Айбар Ерланұлы Қасеналин «Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы: зерттеу, сақтау және насихаттаудың кейбір өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, 2019 жылы желтоқсанда қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңын дайындау барысындағы кейбір аспектілерге тоқталып, жалпы еліміз бойынша ескерткіштердің жай-күйінен хабарлама берді.
«Сарайшық» музей-қорығының археологы Мир Қобланұлы Әбдіғалиев «Ортағасырлық Сарайшық жаңа заң аясында» тақырыбындағы баяндамасында ортағасырлық қалаға қатысты заң талаптарының маңызы, олардың орындалу жолдары туралы баяндап берді.
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының сәулет және археология бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Абызұлы Құлбаев Маңғыстау өңіріндегі Алтын Орда кезеңінің ескерткіштері туралы баяндап, олардың сақталу дәрежесі, пайдалану жолдары, насихатталу туралы мағлұматтар берді.
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері, археолог Аслан Мәлікұлы Мамедов «Ақтөбе өлкесінің тарихи-мәдени мұрасы: зерттеу, сақтау мәселелері» баяндамасымен өлке ескерткіштерін таныстыра отырып, оларды зерттеудегі жетістіктер туралы айтты. Әсіресе ғұн, түркі кезеңі ескерткіштерін зерттеудегі жаңа ашылулар туралы ерекше тоқталып өтті.
Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қор сақтаушысы Толқын Маханбетұлы Жолдасов «Алтын орда және Түркістан» баяндамасында нумизматикалық материалдарды зерттеудегі жетістіктер, Түркістан оазисіндегі Жошы тиындарының табылуы, олардың зерттелуі жөнінде айтып берді.
Атырау облысы Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының археологиялық ескерткіштерді қорғау секторы меңгерушісі Фархад Жолдасұлы Байдаулетов «Тарихи-мәдени мұраны қорғау заңы жөнінде» баяндама жасап, жаңа заңдағы ерекшеліктерден мәліметтер берді. Заң талаптарының жауапкершілігі турасында түсіндіріп өтті.
Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі археология ғылыми-зерттеу секторының маманы Баубек Сұлтанбекұлы Жұмабаев Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғандарының зерттелуі жөнінде баяндама жасап, табылған жәдігерлердің сипатын, реставрациялық-реконструкциялық нұсқалары жөнінде әңгімеледі.
Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының қала құрылысы және сәулет ескерткіштерін қорғау секторының маманы Рысгүл Асхатқызы Қатарова «Атырау облысының тарихи және мәдени ескерткіштері» баяндамасында облыс аумағындағы ескерткіштер түрлерін сипаттап, олардың жай-күйінен ақпараттар берді.
Дөңгелек үстелде қатысушылар тарапынан түскен сұрақтарға жауаптар беріліп, ұсыныстар айтылды.


2020 жыл 28 шілде

«Қазақстан музейлеріндегі цифрландыру тәжірибесі және мәселелері» атты онлайн-дөңгелек үстел

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен 2020 жылғы 28 шілдеде «Қазақстан музейлеріндегі цифрландыру тәжірибесі және мәселелері» тақырыбында «Zoom» платформасы арқылы онлайн-дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге ғалымдар, музей-қорық қызметкерлері, IT саласының мамандары қатысты. Дөңгелек үстелді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Азамат Нұржауұлы Жолаев ашты. Азамат Нұржауұлы өз сөзінде цифрландыру жұмысының мақсаты мен маңызына тоқталып өтті. Дөңгелек үстел модераторы «Сарайшық» музей-қорығы директорының орынбасары Айбек Тұрарұлы шараны жүргізіп отырды. Дөңгелек үстелде Алматы қаласындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес «Алаш қайраткерлері мұраларын цифрландыру мәселесі», ҚР Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайы директорының орынбасары Нұржан Сатыбалды «Создание цифрового каталога 3D моделей и автоматизированной системы учета музейных предметов», ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының тарихи-мәдени мұра нысандарына мониторинг және сараптама жүргізу бөлімінің жетекшісі Қалибек Асылбеков «Геоақпараттық жүйелер 3D- фотограмметрияны мәдени мұра нысандарын зерттеу мен сақтауда қолдану», «TORUS.KZ» ЖШС бас директоры Даурен Габдуллаев «Сабақтастырылған кешендік ІТ-технологиялар негізінде «Виртуалды музей» прототиптік үлгісін жобалау», Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің музей қорын есепке алу секторының әдіскері Меңсұлу Наурызбаева «Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлерін цифрландыру бағытындағы жұмыстары», «Сарайшық» музей-қорығы директорының орынбасары Айбек Тұрарұлы «Сарайшық» музейіндегі цифрландыру бойынша жұмыстар» тақырыбында баяндамалар жасады. Дөңгелек үстел тақырып бойынша ұсыныстар, пікір алмасулар, өзара диалог негізінде өтті.


2020 жыл 27 тамыз

«Қазақстан Республикасының Конституциясы және тарихи-мәдени мұраларды қорғау» атты дөңгелек үстел

2020 жылғы 27 тамызда «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұймдастыруымен Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай «Қазақстан Республикасының Конституциясы және тарихи-мәдени мұраларды қорғау» атты дөңгелек үстел онлайн форматта өтті. Дөңгелек үстелге Алматы, Тараз, Орал қалаларындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау мекемелерінің өкілдері қатысып, баяндама жасады. Алғы сөз ретінде дөңгелек үстел модераторы, "Сарайшық" музей-қорығының директоры, т.ғ.д., профессор Ә. Мұқтар жиынды ашты. Махамбет аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Н. Аруев Махамбет ауданындағы тарихи ескерткіштердің жай-күйі жөнінде баяндаса, т.ғ.к., «Қазархеология» ЖШС директоры (Алматы қаласы), археолог Ж. Смаилов Сарайшықтағы реставрация және консервация жұмыстары жөнінде ақпарат берді. БҚО тарихи-мәдени мұраларын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының инспекторы Г. Туленгутова, Жамбыл облысы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының заңгері Б. Сыдығалиева, "Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы» КММ-нің тарихи-мәдени мұраны қорғау бөлімі меңгерушісі, магистр М.Макжанова Атырау облысы көлемінде тарихи-мәдени мұраны қорғау бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. "Сарайшық" музей-қорығының инспекторы Ж.Байғалиев заң аясында Сарайшықтағы атқарылып жатырған жұмыстар жөнінде ақпараттар берді. Дөңгелек үстел барысында бірқатар ұсыныстар айтылды.

Jūmys kestesі

Düisenbі/Jeksenbі: 09:00-18:30

Tüskі üzіlіs uaqyty: 12:30-14:00

Kerі bailanys

Tel/faks: 8-712 362 55 06

E-maıl: museumsaraıshık@maıl.ru

Sayahat kartasy