Ortaǵasyrlyq Saraıshyq – QazaQ Eliniń astanasy
«Saraıshyq» memlekettik tarıhı – mádenı mýzeı – qoryģy»

Tarıhı eskertkishter

ХАНДАР МЕН НОҒАЙ БИЛЕРІ ПАНТЕОНЫ

Хандар ескерткішінің биіктігі 14 метр, 8 қабырғалы, 4 ханға 3 биге арналған құлпытастар көшірмелерінен тұрады. Қара мәрмәр таста хандар мен билердің аты – жөндері және билік құрған жылдары жазылған. Ескерткіш авторы – маңғыстаулық шебер Сайын Назарбеков. Маңғыстаудың ұлу тасынан жасалған. Ортағасырлық кезеңде Алтын Орданың 3 ханы – Мөңке Темір, Тоқта, Жәнібек хандар, Ноғай Ордасының 3 биі – Әмір Оқас, Ших-Мамай, Жүсіп билер және Қазақтың ханы Қасым хан Сарайшық хандар зиратханасында мәңгілік мекенін тапқан.

1.МӨҢКЕ ТЕМІР

(1266-1282)

Алтын Орданың Бату мен Сартақ, Олақшы мен Мөңкеден кейінгі билеушісі, Бату хан немересі. Темір тұсында Алтын Орда моңғолдардың бас тағын иелеген. Құбылаға бағынбай тәуелсіз, дербестікке жетті. Жошы ұлысының саяси тәуелсіздігі қамтамасыз етіліп, Темір есімі жазылған алғашқы теңгелер шығарыла бастады. Мөңке Темір тұсында орыс кінәздіктеріне, праваславие дін басыларына, Генуя, Венеция көпестеріне өз қолынан жарлық беріп, батыс аймақта тыныштық орнатылды. Өгедейдің немересі Хайдумен одақ құрылып, 1269 жылы Талас өзені бойындағы құрылтайда Жошы, Шағатай, Өгедей ұлыстары арасындағы алауыздықты тоқтатуға негіз болды. Алтын Орданың Кавказ бен Еділ бойындағы беделін арттырды. Бірақ билік басында болған Мөңке Темірден кейінгі таққа отырған Туда Мөңке бұл мәртебені ұзаққа апармай билікті Ноғай алып кетті, сөйтіп Алтын Орданы алауыздық биледі.

2.ҒИЙАС-АД-ДИН ТОҚТА (ТОҚТАЙ)

(1291-1312)

Алтын Орданың 22 жыл бойы ханы болған Тоқта Батудың шөбересі еді. Ол туралы түркі тұқымдас халықтардың кейбір тариақтарының шежіресін алғаш хатқа түсірген Хиуа ханы Әбілғазы баһадүр өз жазбаларында қыпшақ ханы Тоқтаның билік құрған кезеңі, оның мәні мен ерекшелігі жайлы кеңінен әңгімелеген болатын.

1288 жылы Тоқтаның Ордада билік құрған бауырлары оның ұйымдастыру, іскерлік қабілетінен күдік алады да қалайда көзін құрту ниетімен оны Алтын Ордадан аластап, қуып шығады. Бірақ ақыл, айласы ағайындарынан да асып түсетін Тоқта осы кезде еш алаңсыз Ноғай батырдың жылы қойнына кіріп-ақ кетеді. Ал Ноғай болса Тоқта бауырының сілтеуімен оның Ордадағы бар қарсыластарын өзіне қаратып, ақыры әлгілерді бір-бірлеп көзін құртады да хан тағына қамқорлық тілеп келген Тоқтаны отырғызады. Бұл 1290 жыл еді. Бірақ тақ үшін талас талай Шыңғыс ұрпағының ағасының інісіне, інісінің әкесіне әңгір таяқ ойнатып, қол көтеруіне негіз болды. Олар үшін ең қымбаты туған емес, тақ. Мүмкін осыдан шығар қалмақтар «таста тамыр, төреде бауыр жоқ» деп мақалдайды. Міне осындай себеппен арада аз уақыт өткенде Тоқта мен Ноғай арасындағы дүрдіараздық басталды. Тоқайдың інісі Дүден Ноғай иелігіндегі орыс кінәздіктерін басып алады да артынша 1300 жылы Тоқта Ноғайды түпкілікті жеңіп, Еділ мен Дунай арасындағы арасындағы кең жазыққа еркін билік жүргізе бастайды. Бірақ Орда ішінде осындай ұйымдасу, бірігу жұмыстары жүре тұрса да сыртқы саясатта анау айтқан жеңістер жоқ еді. Парсы ильханы Газанға қарайтын Арран мен Әзербайжанды жаулап алу ниеті жүзеге аспады. Орыс жерін басып алу ойы да орындалмай, осы жорыққа аттанам деп отырғанда кенеттен қаза тапты. Денесі Жошы хан ұрпағының пантионаты Сарайшыққа қойылды.

3.ЖӘНІБЕК

(1343-1357)

Тарихта Жәнібек атты ұлы тұлғалар әр кезеңде де өмір сүрген. Ал біз әңгіме жасағалы отырған Жәнібек кәдімгі Алтын Ордаға жиырма жыл әкімдік етіп, 1342 жылы қайтыс болатын шешімді де ақылды хан Өзбектің баласы. Ол туралы Әбілғазы Баһадүр «Жәнібек хан ғажайып мұсылман патшаболды. Өзі ғұлама, ибалы, ақылды кісі еді. Сарайшық шаһарында таққа отырды» деп жазған еді өзінің «Түрік шежіресі» кітабында. Күллі Шыңғыс ұрпағы сияқты Жәнібек те жастай хан тағын армандап, ақыры ағалары Тыныбек пен Қыдырбектің көзін құрту арқалы билік басына келді. Өзі хандық құрған тұста Жәнібек Алтын Орданың ішкі және сыртқы саяси жағдайын нығайтуға барынша күш салып, оның болашақ шекарасын өсіруге де ден қойды. Осы мақсатпен ол 1357 жылы өз іштеріндегі алты бақан алауыздығы өршіп, қырқысудан қолы босамаған Иранға мыңсан әскер аттандырды. Әзербайжан жерін баса көктеп, Иран даласын қанға бөктірген қалың әскер. Тевризді басып алады. Мұнда баласы Бердібек билік құрады. Бірақ халқымыздағы қашаннан бері келе жатқан «Атаңа не істесең – алдыңа сол келеді» деген мақалы осы жерде де расқа айналып, Бердібек ту сонау иттің өлген жеріндегі титімдей Тебризден гөрі етек-жеңі далиып, дархан даланы алып жатқан Алтын Ордаға қызығып, елге қайтқан әкесіне жауыздық ұйымдастырады. Басқа емес, баласынан келген қастандық Жәнібек орта жолда апат болады. Сүйегі Сарайшыққа жеткізіліп, үш күн аза тұтудан соң жерленеді. Орнына Бердібек хан болып, таққа отырады. Ол мемлекеттің іргесі берік және өзіне қарсы келер, хандық билікке таласар мұрагердің жоқ болуын қалайды да, күдікті деген жақын-жұрағат, аға-інінің бәрін қынадай қырып, жоқ қылады. Бірақ осыншама тас бауыр, безбүйрек жанның билік кезеңі ұзаққа бармай, келесі жылы өзі де қан жұтып, қаза табады.

Жоғарыда айтқанымыздай Жәнібек Алтын Ордада діннің дамуы, орыс кінәздіктерімен арадағы байланыстың жақсаруы, әр қала, кінәздіктер егемендігіне көңіл бөлді. Олардан жиналатын алым-салықтардың жүйеге келтірілуі, тәртіптің нығаюына ден қойды.

4.ӘМІР ОХАС

(14..-1447)

Алтын Орда аймағында өз шабуылын 1396 жылы аяқтаған атақты Ақсақ Темір ең алдымен осы Орданың соңғы тасының күйреп, жаһанда жалғыз ғана атының қауына негіз болды. Бұдан әрі бұрынғы күрлеп тұрған Жошы ұлысының енді жеке-жеке хандықтарға бөлініп, Сарайшық-Едіге әмір билеген Ноғай Ордасының болашақ астанасына айналды. Сайып келгенде Едіге, Нұреден, Кейқуат, Мансурлар Еділ бойындағы ескі Сарайда ел қатарлы билік жүргізіп, біраз уақыт әмірлік етті.

Ноғай Ордасының басқару тағына Едігенің немересі, яғни Нұреденұлы Охас отырғаннан бастап, астана Сарайшыққа бұратала ауысты. Бір айта кетер жай – Охас Дешті Қыпшақ ханы Әбілқайырдың (1428-1488) тұстасы. «Ол билеген тұста», – дейді заманамыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев өзінің Әмір Охас жайлы бір жазбасында – Ноғай Ордасы, шамасы Әбілқайыр билеген өзбек-қазақ көшпелі тайпалар бірлестігіне қараған болса керек. Соған сай Охас соңыра Әбілқайырдың Дешті Қыпшақтың бас тағын иемденуіне көмектеседі, бас ақылшысы болады». Әмір Охас Әбілқайырдың Сырдарияны алуына жан-тәнімен араласып, 1446 жылы Өзгент қаласын жаулауға қатысты. Бірақ біраздан бері ауыз жаласып, ым-жымы бір болған бұл екі дос әп сәтте нілдей бұзылады, тіпті кейіннен қағынан безген құландай бір-бірін көрмей кетіп, соңында ойда жоқта Оқас опат болады. «Отыз ұлды Охастың» 1447 жылы Әбілқайырдан бөлініп Жайық бойындағы өз ордаларын нығайтуға бет бұрды. Ал бұл осы кезге дейін Охасқа арқа сүйеген Әбілқайыр хандығы үшін оңай соққы емес еді. Бұдан арғы таққа иеленген Мұса Махмуд Шайбани ханға көмек береді де, қазақ ханы Бұрындыққа қарсы шығады. Тіпті сол Мұсаның ұлдары Алшағыр, Шихым, Сейдақ тұстарында Ноғай Ордасы Қырым, Еділ бойларына, шығыстағы қазақ хандығына қылия қарау керек емес деп есептеп, бұлардан әбден қол үзеді.

5.ШИХ-МАМАЙ

(1542-1549)

Ноғай хандарының бірі, Едігенің туажаты, Нұреденге шөбере, Охасқа немере, жоғарыдағы бидің үшінші ұлы. Ол Ноғай Ордасының күнгей шығысына билік жүргізді. Қырым ханы Мұхаммед-Герейдің 1523 жылы Астраханды жаулауына аса бір ынтазарлықпен көмегін берді. Әйтседе кейіннен Қырым хандығының күшейіп, өсіп кетуінен қорқады да, оған шабуыл жасап, патшазада Батыр хан мен Палуан Сұлтанның көзін құртуға бел буа кіріседі. 1524 жылы таққа отырған Қазан ханы Сафа-Герей Мәскеу ықпалына қарсы күрес жүргізеді. Ол осы күресте Ноғай Ордасына ие арту үшін Ших-Мамайдың қызына үйленеді. Ал Ших-Мамай болса сол кездегі Әмір Сейдахметтің (Сейдақтың) Мәскеумен ауыз жаласуына әбден қарсы еді. Қасым хан (1511-1520) тұсында қазақтар Жайық бойының суы мол, қамыс-құрағы ырғалған шұрайлы жеріне қызықса, оның мұрагері Тағдыр хан 1530 жылы ноғайлықтардаң естен кетпес соққы алып, жеңілген болатын. Ших-Мамай аталған шайқасқа белсене қатысып, ерекше көзге түседі де, 1542 жылдары Сарайшық тағына отырады, 1549 жылы көз жұмады.

6.ҚАСЫМ ХАН

(1511-1518)

Әуелден ел бірлігі үшін туған Қасым хан тұсында қазақ үлкеннің айтқаны, ағаның аңғарымпаздығы, інінің көрегендігін танып, ел туын тік тұрғызды. Жүректі жүрек түсініп, білектің күші бірліктің негізі атанды. Ол әкесі Жәнібек, ағасы Керейдің де қашанғы арманы, ел көксеген тілегі еді. Сондықтан да осы тарихта Жошы жолын қуып, қазақтың есендікте мал беріп, батыр жиар біртуар ханы деп бағалайды. Дегенмен сол кезде де қазақтың жауы аз емес және алыс та емес, өз іші, ортасында болатын. Қазақ тұңғыш ұлымен жау болып алсысқан Ақсақ Темір әулеті емес, Жошыдан тараған Шибан ұрпақтары еді. Қазақ хандығының көк туын көкке көтерген Жәнібек пен Керейге олардың немере ағайыны Мұхаммед Шибан қарсы шықты. Неге?

Өйткені бұл әуелден Жошының он үшінші ұлы Тоқай Темір ұрпақтары алдында «Үлкенбіз, жоралғының жоллы да, сыбағаның молы да біздікі, керек десең Еділ менікі, Жайықта менікі, Еділдің түбіндегі балық та, Жайықтың бетіндегі қайық та менікі» деген Алтын Орда дәуірінің мақалы да бар. Сол негізге ұсталынды. Осындай үздіксіз бақталас, соғыстан соң Алтын Орда мен Ақ Орда ыдырады да дағдарыс басталды. Қараша көнбеді, хан билей алмады, тұрмыс төмен, ел босты. Мемлекет тізгінін ұстаған Шибан ұрпақтары Тоқай Темір әулетіне қысымын азайтпады. Ақыры ұлыс бөлінді. Ағайынды екі сұлтан Жәнібек пен Керей Моңғолстанға өздеріне қараған 120 мың түтінді бастап, көшті. Өзбек пен қазақты екіге бөлген бұл дүрдіараздық соңы Мұхаммед Шибаның өзбектердің қазақтарды дінсіз деп жариялап, екі ел арасында сауда-саттық жүргізуге де тиым салғызды, бейбіт жатқан қазақтарды тонап, тіпті оларды тұқымсыз қалдыруға дейін барды. Мұндай қақтығыс жарты жылға ұласып, мал бағылмай, егін салынбай, ер көмілмей, тер төгілмей алты бақан алауыздық өсті. Осы кезде жанымен қайғы болған қазақты орыспен қалмақ екі бүйірден қысып, Астана біресе Тәшкен, біресе Түркістанға көшті.

Міне осы шақта «қазақ жерін қорушы» атанып, ала тайын әлдекімге алдырмаймын, алға басқан аяқты басқаларға шалдырмаймын» деп күллі рудың басын қосқан Қасым ел шекарасын қазіргіден әлде қайда кеңге жайып, Астрхань, Түмен, Омбы, Қорған, Орынбор, Барнауыл, Құлынды, Сартау өлкелері, Жоңғар даласы, Түркменстан, Өзбекстан мен Қырғызстанның біраз бөлігіне билік жүргізді. Қасым ханның қазақ Ордасын құрудағы саяси іс-әрекетін тарихшылар Жошымен тең қояды. Исі Дешті-Қыпшақта үш ғасыр бойы, яғни Абылайға дейін Қасым салған «Қасқа жол» ұзақ уақыт жүректерде сақталды. Қазақ үшін қадірлі осынау хан Алтын Орда заманынан қасиетті орын боп саналған Сарайшықта, әкесі Жәнібектің қасына жерленді.

7.ЖҮСІП

(1549-1554)

Ол Мәскеу мемлекетінің Еділ бойына орнығу саясаты әбден күшейген кезде билік құрды. Бұл кезде Ноғай Ордасында өзара кикілжің өсіп, Жүсіп мұсылман елдерімен ынтымақтастықты қолдаса, інісі Ысмайыл Мәскеу мемлекетімен қарым-қатынасты арттырғанды қалады. Аталған алауыздық әсіресе орыстардың Қазан қаласын жаулап алу кезінде тіптен күшейе түсті.

1533 жылы Қазан хандығы тағына отырған Жаналы хан Жүсіптің сұлу қызы Сүйінбеке аруға үйленді. Қазан тағына таласқан «Қырым тобы» мен «Мәскеу тобы» арасындағы тайталаста қақпақылға түскен қызының тағдыры Жүсіптің алыс-жақындығы саяси белсенділігін күрт азайтты. Қазан хандығының құлауы Жүсіптің шын мәніндегі саяси күйреуіне әкелді. Осы кезде, яғни 1554 жылы Ысмайыл ағасы Жүсіптің ордасын талқандап, көптеп армандаған мақсатына қол жеткізді – таққа отырды. Бұдан әрі Жүсіп әулеті қуғынға ұшырап, бір баласын мәскеуліктер аманатқа алды. Одан күндер өте атақты кінәз Юсуповтар әулеті өсіп шықты. Сайып келгенде Жүсіптің күйреуі – Ноғай Ордасының күйреуі десе де болар еді. Орнына отырған Ысмайылдың тұсында (1554-1563) Орда аласыпыран күн кешіп, бақастықтан бас көтермеді. Әңгімеге орай ноғай мырзалары арасындағы қайын жұртын сағалаған қазақ сұлтаны Ақназар Қасымұлы 1569 жылы Мәскеу одақтасы Тінахмет мырзаны Сарайшық тағынан ығыстырады. Осы шақтан бастап Ноғай Ордасы мемлекеттік бірліктен айырылып, біраз жұрты Қап тауына бет бұрып, қалған бөлігі қазақ хандығына барып қосылды.

Jūmys kestesі

Düisenbі/Jeksenbі: 09:00-18:30

Tüskі üzіlіs uaqyty: 12:30-14:00

Kerі bailanys

Tel/faks: 8-712 362 55 06

E-maıl: museumsaraıshık@maıl.ru

Sayahat kartasy