2023 жылғы 24 қаңтарда "Атырау" газетінің кезекті санында №6 (20715) "Сарайшық" музей-қорығының директоры Ә. Мұқтар мен ғылыми қызметкер Ж. Байғалиевтың "Перзенттік парызына адал азамат" атты мақаласы жарияланды. Мақала өмірден ерте өткен ұлтжанды азамат Ринат Бауыржанұлы Жанқылышқа арналған. Ринат Бауыржанұлы Махамбет ауданына әкім болып тағайындалған сәттен бастап, біз үшін елге беріле қызмет етудің үлгісін көрсетіп кетті. Ол әсіресе Сарайшықтың ұлтымыздың рухани-мәдени өміріндегі маңызын терең түсініп, ескі жұртты гүлдендіру жұмыстарының басында тұрды. "Сарайшық" сапар орталығының келбетін шығыстық қала үлгісінде жасақтатып, құрылыс жұмыстарының барысын бақылауында ұстады. Оның атқарған игі істері халықтың жадында ұзаққа қалары сөзсіз. Мақала мақсаты Ринат Бауыржанұлының Махамбет ауданына, Сарайшық үшін жасаған қызметімен жұртшылықты таныстыру, тұлғалық қасиетін ашу. Сіздерден өз пікірлеріңізді күтеміз.